#
#
Сейсенбі 18/12/2018

Теміртаудағы СССР таңбасын алып тастауға билік неге құлықсыз?

  • 11.06.2018
  • 0
  • 1835

Жазушы-журналист Арман Әлменбет Теміртау қаласына кіретін бұрылыста тұрған "СССР таңбасын" алып тастауды сұрап, Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбековке ашық хат жазды. Әлеуметтік желіде жарияланған хатқа көпшілік пікір қалдырып, қолдау білдіруде. Ашық хаттың толық мәтінін оқырман назарына ұсынамыз.

Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбековке

Ашық хат

Құрметті Бекзат Қомарұлы!

Қарағанды облысында, оның ішінде Қарағанды қаласының өзінде КСРО кезінен өзге ұлт өкілдері көп шоғырланғаны белгілі. Соның ызғары болса керек, әлі күнге дейін көп көшелердің аты ауыспай келеді. Тәуелсіз елімізге қатысы жоқ адамдардың ескерткішін орталықтан ығыстырса да, біржола алып тастаған жоқ. Бірақ жалпы алғанда Қарағанды қаласында көзге көрінетін жерлер қазақыланып болды деуге болады. Біздің айтқымыз келіп отырғаны қала сыртындағы жәйттер.

Атап айтқанда, әңгіме Қарағандыдан Астанаға қарай шыққанда көзге шалынатын бір белгі туралы. Ол - Теміртау қаласына кіретін бұрылыста тұрған СССР таңбасы (КСРО демей, әдейі СССР деп алып отырмыз).

Жер бетінен СССР жойылғалы 27 жыл өтсе де, біздің Теміртауда оның таңбасы тұр. Елбасы жұмыс істеген Теміртау деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Аса құрметті Елбасы - Қазақстан Республикасының Президенті. Біз ол кісінің СССР кезінде жасаған еңбегін де қазақ үшін, болашақ Қазақстан үшін жасалды деп қараймыз. Кейінгі ұрпақ солай қабылдайтын болады. Олай болса, Теміртаудағы таңбаны осы уақытқа дейін алып тастамай отырғанымыз қаншалықты қисынға келеді?

Қарағанды-Астана тас жолы мемлекеттік маңызы бар Алматы-Астана тас жолының бір бөлігі. Бұл қазіргі уақытта еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін (оңтүстік көршілеріміз бен солтүстік көршілерімізді де) жалғап жатқан бірден бір күре жол. Күн сайын жүздеген, бәлки мыңдаған көлік өтеді. Дос бар, дұшпан бар - бәрі Қазақстанның бір кезде бодан болғанын еске салып тұратын осы таңбаны көреді деген сөз. Бұл біздің намысымызға тимей ме?

Рас, СССР деген жақсы болсын, жаман болсын, қазақтың басынан өткен бір дәуір. Ол кездегі үкіметтің қазаққа тигізген пайдасы да болды. Оны біз жоққа шығармаймыз. Әрі-беріден соң, бүгін көзі тірі көп адамның жастық жағы сол дәуірде өтті. Сондықтан біз дәл қазір ол уақытты қаралауды мақсат етіп отырған жоқпыз. Бірақ екі ақиқат бар. Біріншісі, СССР кезінде қазақтың қырылғаны, рухани жағынан кері кеткені. Екіншісі, қазақ СССР-дың құрамында тәуелді ел болғаны. Бұның екеуі де мақтанатын нәрсе емес. Сол үшін СССР-дың таңбасын ел көрінетін жерге ескерткіш ретінде қалдыруға болмайды деп білеміз (осы уақытқа дейін сондай сылтаумен қалдырып келе жатқан болса керек). Тарихтың куәсі музейде тұрғаны ләзім.

Құрметті Бекзат Қомарұлы. Зиялы орта сізді елжанды азамат деп біледі. Басқа депутаттарға қарағанда ел ішінде көп жүресіз. Сол себепті де осы датты сізге қарата айтып отырмыз. Облыстың мәслихат депутаты ретінде осы таңбаны алып тастауға күш салсаңыз. Білуімізше, Қарағанды қаласының маңындағы елді мекендерде тағы да осындай бірнеше таңба бар көрінеді. Оның бәрі қалалық және облыстық архитектура бөлімінде бар да шығар. Солардың бірі қалмай келмеске кететін уақыт келді. Әлдеқашан келген. Енді ештен кеш жақсы деп, шетінен тазалау керек. Сізден және әріптестеріңізден шешімтал әрекет күтеміз. Басқа да депуттар мен мемлекеттік қызметкер қолдайды деп сенеміз.

Ал осы ашық хатты оқыған кісілер біздің өтінішті қолдайтын болса, пікірге аты-жөндерін, қызметтерін жазып кетсе екен.

Құрметпен, жас жазушы Арман Әлменбет

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар