05 сәу, 2020 сағат 15:56

Шымкентте вирустан көз жұмған адам диабетке, пневмонияға шалдыққан

Шымкентте коронавирус жұқтырып қайтыс болған 1964 жылы туған ер адам – Түркістан облысы Мақтарал ауданы Атакент ауылының тұрғыны. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Басқарманың дерегінше, ол 1989 жылы туған ұлымен бірге Мәскеу – Шымкент – Алматы бағыты бойынша жүк көлігімен келе жатып, ыстығы көтеріліп Шымкентте жедел жәрдемге хабарласқан. 28 наурызда ол Шымкент қаласы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Ал ұлы жүк көлікпен Алматыға қарай кеткен.

Кейін жағдайы күрт нашарлап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ол 5 сәуір түн ауа қайтыс болған. Денсаулық сақтау басқармасы марқұмның бұрын туберкулезбен ауырғанын, пневмония мен қант диабеті шалдыққанын айтады. Коронавирус оның жағдайын қиындатып жіберген. 

Жүк көлігімен Алматыға жеткен ұлы сол қалада станционарға жатқызылған.

Қазақстанда қазір 569 адамнан коронавирус табылды. 36 адам дерттен айықты. Алты адам қайтыс болды. 

4 сәуірде Түркістан және Ақмола облысында екі адамның вирустан көз жұмғаны белгілі болды. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам қайтыс болған. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны көз жұмған еді.