28 мау, 2019 сағат 13:37

Өмірзақ Шөкеев уақытша Арысқа қоныс аударды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бір ай бойы Арыс қаласында тұрып, қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жеке қадағалайтын болады. Бұл жайлы оның кеңесшісі Сәкен Қалқаманов мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін таңертең қала тұрғындары өз үйлеріне оралды. Әр облыс әкімдіктері тарапынан қаланы қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Бұған дейін белгілі болғандай, қала 17 секторға бөлініп, оның әрқайсысына белгілі бір өңір жауапты болады.

Мәселен, Алматы әкімдігі 14-ші секторға жауап беріп, 450 үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ұлттық компаниялар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын: мектептерді, ауруханаларды, ХҚО ғимараттарын, сауда орталықтары мен тағы да басқасын қалпына келтіретін болады. Сәкен Қалқаманов облыс әкімі осы істердің басы-қасында болып, өзі қадағалайтынын айтты.