26 жел, 2016 сағат 16:20

Өмірзақ Шөкеев: «Самұрық-Қазына» трансформациясының нақты нәтижесі бар

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы «Мемлекеттік тапсырыс-2017» науқаны аясында алматылық инновациялық кәсіпорындармен 5 млрд теңге көлемінде келісімге қол қойды.

Биыл «Мемлекеттік тапсырыс» науқаны оныншы рет өткізіліп отыр, басымдылық мұнай өндіру және ақпараттық өнімдер саласына берілді. Қордың 12 портфельдік компаниялар өкілдері конструкторлық шешімдердің көрсетілімі барысында көптеген жобаларды қарады, олардың кейбірінің Қазақстанда баламасы жоқ, әрі сатып алу құрылымында шетелдік компаниялардың қымбат ұсыныстарының орынын баса алады.

Мысалы, «ИТП» АЭА екінші кезеңінің аумағында жаңа нысандар іске қосылды: "KBTU Drilling Centre" оқу-жаттығу орталығы және «Қазақстан теңіз академиясы».  Бұл теңіз қайраңында бұрғылау мамандарын даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп,  мамандарды шетелге жіберудің қажеттігін жоятын жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған заманауи орталықтар.

«ҚМГ құрамында бұрғылау институтын құрып, барлау және өндіру саласында қазірдің өзінде нақты нәтижеге қол жеткіздік. Бұрғылау институты бұрғылау қондырғыларында барлық бизнес-процестеріне реинжиниринг жүргізді және тек қана бұрғылау процесін, технологиялар таңдау және жер жабдықтарын пайдалануды оңтайландыру арқылы біздің ескі кен орындарымызда көп қаржы салмастан қазба-байлық өндіруді айтарлықтай жақсартуға болатындығын іс жүзінде дәлелдеп берді. Егер осы нәтижелерді ҚМГ барлық кен орындарына енгізер болсақ, сарапшылардың есебі бойынша жылына 6-7 млн ​​тонна көлемінде қосымша өндіруге болады. Бұл трансформацияның нақты нәтижесі болып табылады», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Өз кезегінде, «Өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Джон Ричард Деннис «бұрғылаудың жаттығу құрылғысын  практикада қолдану, жұмыс сапасының стандарттарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұрын шетелдерде қымбат мамандар даярлауға жұмсалған шығындар айтарлықтай қысқаратын болады және жарақат алуға байланысты тәуекелдер барынша азайтылды» деді.

"Ұлт ақпарат"