13 ақп, 2019 сағат 10:17

Қазақ еріккеннен "времянкада" тұрып жатыр ма?

Времянкада тұруға тыйым салуы мүмкін дейді. Қай гений ойлап тапты мына бастаманы. Нобельге сұранып-ақ тұр екен. "Әлеуметтік мәселені шешудің марқасқасы" деген атақ берсе де болады.

Айналайындар! Қазақ еріккеннен времянкада тұрып жатыр ма? Өз еркімен пеші де, асханасы мен жатын бөлмесі де бірге салынған аядай ғана лашықта отыр ма? Өмірдің жақсылығынан сол времянкада иіс тиіп қырылып жатыр ма? Жоқ! Барлығы да жоқшылықтың, тапшылықтың, кедейшіліктің кесірі.

Астанадағы бес қыздың өртеніп өлуіне времянка кінәлі емес, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы себепкер. Ақшасы бар болса, қағанағы қақ, сағанағы сақ болса, бес періштесін бес бөлмелі үйге отырғызар еді ғой байғұс ата-ана. Бес қызының бұрымын өріп, өмірден ләззат алып отырар еді...

Мәселені шешуде үнемі сырттай күлдіріп, іштей күйіндіретін шешім қабылдау қашан тоқтайды. Ал жақсы. Времянкаға тұруға тыйым салыңдар, сонда басқа қайда тұрады?! Көбінің жағдайы пәтер жалдап тұруға жетпейді. Времянкада тұратын қазақтың көбісі айына 50 мың табыс табады. Әкесі мен шешесі қосарласа тапқан 100 мыңды пәтерге берсе, тамақты қай қаражатқа сатып алады? Жазда топырақ, қыста қар жейді ма әлде?! Киімді қай ақшаға киеді? Жапырақ жабыстырып жүре ма?! Ауырса дәріні неге алады? Әлде өле берсін бе?!

Қазақтың времянкада тұрғанын қаламайсыздар ма? Бәрекелді. Менде қаламаймын. Онда әр қазақ пәтер алуға мүмкіндігі туатын әлеуметтік реформа жасаңдар. Әр қазақтың ресурсты нақты әрі шынайы бөлгенде коттеджде тұруға жағдайы келер еді. Бірақ өкінішке орай "Алтын балық" ертегісіндей аз қазақ сарайда, көп қазақ лашықта тұрып жатыр.

Мәселені шынайы шешуді бастайық. Времянкада тұруға тыйым салу шешім емес. Одан иіс тиіп қырылатын қазақ азаймайды. Керісінше билікке наразы бұқара саны артады. Оданда нақты әлеуметтік бағдарламалар ұсыныңдар. Айына бәленбай мың доллар алатын менеджерлер, әлеуметтанушылар, кеңесшілер ұсынсын.

Асхат Қасенғалидің фейсбуктегі жазбасынан