10 қаң, 2020 сағат 20:02

АҚШ Иранға жаңа санкция салды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (сол жақта) мен қаржы министрі Стивен Мнучин баспасөз мәслихатында. Вашингтон, 10 қаңтар 2020 жыл.

АҚШ билігі Иранның сегіз шенеунігіне және елдің метал өндірісіне жаңа санкциялар салды. 10 қаңтарда Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен қаржы министрі Стивен Мнучин баспасөз мәслихатын өткізіп, санкция салынғанын жариялады.

АҚШ-тың жаңа санкциясына ілінгендер арасында Иран ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Али Шамхани, Иран карулы күштері қолбасшысының орынбасары Реза Аштиани, Ислам революциясы корпусының «Басидж» жасағының басшысы Големреза Сүлеймани бар.

Бұған қоса, Вашингтон Қытай мен Сейшель аралдарында орналасқан 17 тау-кен және металл компаниясына, металл саудасымен айналысқан кемеге де санкция салды.

Бұдан бөлек, АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы жарлыққа қол қойып, Иран режимінің қосымша табыс көздеріне шектеу қойды.

АҚШ Иранға жаңа санкцияны Тегеран мен Вашингтон арасындағы жағдай ұшыққан сәтте және Тегеранда украиналық жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған кезде салды. 3 қаңтарда АҚШ Бағдадта әуе шабуылын жасап, Иранның «Құдс күштерінің» қолбасшысы Касем Сүлейманиді өлтірген. Кейін Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базасына шабуыл жасаған. Шабуылдан соң Трамп Тегеранға жаңа санкция салатынын мәлімдеген.

АҚШ Иранға жаңа санкция салды